• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 12:57:42
Алматы
+35°

03 Маусым, 2012

Бақытгүл БАБАШ: Бұл дүниеде бір ғана жан бар...

– «Өңкей мұңды өлеңіме тоғытып...» Өлеңдеріңіз мұң мен сап-сары сағынышқа толы. Тағдырсыз өлең болмайды дейді. Әлде өміріңіз мұңлы ма?

– «Өңкей мұңды өлеңіме тоғытып...» Өлеңдеріңіз мұң мен сап-сары сағынышқа толы. Тағдырсыз өлең болмайды дейді. Әлде өміріңіз мұңлы ма?

– Өмірімнің әр күні мұңлы десем, күпірлік болар. Мұңлы сәттерім де аз емес бірақ. Достарым жиі айтады: сенде бәрі де бар, өмірді өлеңде неге қоюлатасың? – деп. Осының жауабын білген күні айтамын деймін. Себебі, себебін өзім де білмеймін. Білетінім – өмірдегі Бақытгүл өлеңдегі кейіпкерден әлдеқайда бақытты. Өмірде – халімді қас-қабағымнан-ақ байқайтын, мені қазан-ошақтың басынан аспайтын әйел деп емес, елінің қызы деп бағалайтын аяулы жарым, дүниедегі теңдессіз бақыт – ана бақытын сезіндірген қос құлыным, менімен бірге қуанып, менімен бірге мұңаятын бауырларым, анам, достарым бар. Бірақ бала кезімнен жабысқан дерт – қуанышты шақтардың өзінен мұңды байқап қаламын. Жан-жүрегіммен ерекше шаттанған кезімнің өзінде кеудемнің бір қалтарысында мұң сыздап тұрады. Оның емі – өлеңде ғана. Сосынғы бір себебі – шабыт иығыңа қонғанда, мынау әлем, мағынасыз тірлік көзіңнен бұл-бұл ұшып кетеді, өзіңді мүлде басқа жан иесі ретінде сезінесің. Және өлеңдерімнің мұңға толы болуы қуанышты сәттерімде қолыма қалам ала алмайтынымнан да болса керек. Қуанғанда – елмен біргемін, мұңайғанда ғана өзіммен-өзім қалып, қағазға жан сырымды ақтарамын, ол өлең болып төгіледі.

– Өлеңді арнайы дайындалып, өзіңізді үстелге «байлап қойып» жазасыз ба, әлде шабытыңыздың келгенін күтесіз бе?

– Ешбір жағдайда алдын ала дайындалып, осы бүгін осы туралы бір өлең жазып тастайыншы деп отырып көрмеппін. Мүмкін, солай отырсам, жазылатын да шығар, бірақ ол шын мәніндегі Өлең бола алмас еді. Өзгелер өлеңдерінен мұң сорғалайды, сағыныштың ауыр салмағы еңсені езеді десе де, не жазсам да, жүрегімнің айтқанын жаздым, жаза да беремін. Қолдан құрап, аннан-мыннан оқығандарын тықпалайтындардың қатарынан емеспін. Өлеңнің киесінен қорқамын.

– «Ішімде өлген көп өлең түсіме еніп,

Арманым да анау ардақты адыра қалды», – дейсіз бір жырыңызда. Күйкі тіршіліктің толқынында жүріп, өлеңді өлтіріп алатын кез жиі бола ма?

– Осы өлеңімде және «Ана боп және әйел боп жүру, жарығым, азап пен бақыт тоғысқан жолдар торабы» деген де жол бар. Қандай жағдайда да, мен бірінші – анамын, бір шаңырақтың келінімін, қазақтың бір азаматының жарымын. Жырдың соңына түсіп, бар жастық жігерімді, күшімді, қабілетімді ақындыққа арнасам, мүмкін, қазір бір белесті бағындырған болар ма едім? Бірақ осыныма шүкір деймін. Ақұштап ақын «Қызыма» деген өлеңінде «Қазан қайнап асүйде, ал сен болсаң, қағазымды қуыршаққа киіндірдің» дегеніндей, көмейіме кептеліп келіп қалған өлеңді қонақ күтемін, үй тірлігін жасаймын деп өлтіріп алған кездерім аз емес. Ондай сәттерде ойыма оралған жолдарды ұмытпай, жазып алуға тырысамын.

– «Өкініш бар ғұмырыма жетерлік...».  Қандай өкінішіңіз бар?

– Бұл дүниеде бір ғана жан бар секілді сезініп, және сол адамды жоғалтып алған сәтте туындаған өлеңнің жолы ғой. Қысқа ғана өмірде пенделікке салынып, бір-біріміздің қадірімізге жете бермейтініміз өкінішті. Алғаш рет өкініштің улы зәрін атам о дүниелік болған күні сезіндім. Тұңғыш немерелері болғандықтан, атам мен әжемнің бауырында өстім. Енді ес жия бастаған он екі жасымда атам қатерлі ісіктен көз жұмды. Дүниедегі ең аяулы, ең ардақты адамымды ажалдан арашалап қала алмаған дәрменсіздігім үшін сол түні алғаш рет өкініштен өксіген едім. Бірақ, бұл пенде біткеннің маңдайына жазылған өкініш екенін және оны еңсеруге Алладан өзгенің пәрмені жоқтығын кейін өсе келе ұғындым ғой.

Ойлап отырсам, менің өкінішім о дүниелік болған асылдарыма қатысты екен. Жалғыз ағам Әндижан 33 жасында дар алдында ажалын күтіп алды. Өз-өзіне қол жұмсады. Оны осы қадамға апарған, өмірден түңілткен не екенін түсінгім келіп қанша аласұрдым, өмірінің соңғы күндері жанында бола алмағаныма налыдым. 45 жасында өмірден өткен әкемнің соңғы сөзін ести алмағаныма өксідім, жөргегімнен жыр сіңірген әжемнің орынын толтыра алмай, өкініштен қанша өзегім өртенді? Осының бәрінен мені өлең құтқарды. Меңдуана жегендей мәңгіріп, жүрегімнің бір-бір бөлшегін ажалдың уысына салып беріп, аһ ұрған күндерімнен жырдың жылуы ғана аман алып қалды... Шүкір деймін, Алла оларды ерте алса да, менің өмір жолымда туғанымдай қамқорлық жасаған жақсы адамдар аз кездескен жоқ. Поэзия патшайымы Фариза Оңғарсыновадан бастап, көрген жерінде жылы сөзін аямайтын Ақұштап апам, Шәмшия Жұбатова, Оңайгүл Тұржан, Айнұр Тұрсынбаева, Тұрсын Қалимова, Жайлы Балтоғаева, Маржан Ершу, Гүлзада Ниетқалиева сынды әпкелерім бар. Өз-өзімді таппай жүрген күндерімнің бірінде бір ауыз сөзімен өлеңнің ауылына қайта әкеліп, «Атыраудан ақын таптым» деп «Алтын Орда» газетіне топтамамды жариялаған Мейірхан Ақдәулет ағамның есімін қашанда құрметпей атаймын. Әкемдей саялап жүретін Қойшығұл Жылқышиев, Қадыр Жүсіп, Нариман Үлкенбаев, Исатай Балмағамбетов, Әбдібек Бисенов, Сұлташ Мәжитов, Бақыт Иманғалиев, ағамдай ардақтайтын Дәурен Қуат, Маралтай Райымбекұлы, Ғабит Мүсіреп, Бақытжан Алдияр, Қалқаман Сарин, Ербол Бейілхан, Серікзат Дүйсенғазин, Қалмахамбет Мұқаметқали, Тельман Бейсен, менің кішкене жетістігіме үлкен жүректерімен қуанатын жанашырларым – Әлия Дәулетбаева, Роза Әлқожа, Құралай Омар, Күлән Жаулина, Шолпан Дидар, Әсел Ергешқызы секілді басқа да асыл жандар барда, арманымды аласартуға тиісті емеспін деп ойлаймын.

– Әр өлең іштен шыққан балаңдай ғой.  Өлеңдеріңізге айтылған сынға қалай қарайсыз?

– «Бір анадан ала да туады, құла да туады». Қағазға түскен өлеңімнің бәрі бірдей классика дей алмаймын. Сондықтан поэзияға деген жанашырлықтан туындаған сындарға құрметпен қараймын. Ал «тырнақ астынан кір іздеген, атымнан аунатқысы келгендерге» күліп қана қоямын. Шындығында, мен үшін уақыттың сыны маңызды.

– Бір сайттан «Қазіргі жап-жас ақындар тім кінәмшіл болып бара жатқан сияқты. Көңілдері еш толмайды. Махаббат жайлы әр екінші өлеңдері қайғы мен мұңға құрылады. Одан қала бере әрқайсысы басқа әлемге ұшып кеткісі келіп тұрады. Кез-келгенінің өз алдарына бір-бір әлемі бар. Сол әлемдерін өздерінше қызықтап, көпшіліктің де санасын улап бітіріп, жетектеп алып кететін түрлері бар. Бүйте берсе әлем ішіндегі әлем деген ұғым қалыптасатын шығар» деген пікір оқыдым. Бұған не дер едіңіз?

– Басқа әлем деген жан әлемі ғой. Ақынның қарапайым адамдардан ерекшелігі – олар өздерін-өздері тани біледі, ішкі жан дүниелеріне үшінші көзбен үңіле біледі және соны жырға қосу арқылы жалпақ жұртты да әсемдікке, әдемілікке үндейді. Бір-бірінен айнымайтын сұп-сұр күндер тізбегі, қызмет пен үй арасындағы таусылмайтын жол, шынайы әлем шаршатып жіберген кездерде жанға сая сол «қиялдағы әлемнен» табылатыны шындық. Бірақ «сол әлемдерін өздерінше қызықтап, көпшіліктің де санасын улап бітіріп, жетектеп алып кететін түрлері бар» дегенге келісе алмаймын. Әлем – өлеңнің ордасы, ал өлең, поэзия сананы уламайды, керісінше оны мөлдір қауызға орап алып, дүниенің дидарына жалғандықтың шаңын түсірмей, ақиқат қалпында жеткізеді. «Махаббат жайлы әр екінші өлеңдері қайғы мен мұңға құрылады» дегенге Фариза ақынның мына өлеңімен жауап бергім келіп отыр:

«Ғашық жайлы мұңды өлең

жазба!» – дейсің. Ақылың.

Тұра қалып тілдер ем –

Ұғар емес батырым.

Сүю – сезім улары,

Татпақ түгіл қайғысын,

Ғашық болып туғалы

Көрмепсің-ау, байғұсым!

Кетісудің кілті – егес,

Қозғамайық ол жайлы.

Махаббатың – күлкі емес,

Мұңсыз сүю болмайды!»

– Қазіргі қазақ поэзиясының деңгейін, әрине біз өлшей алмаймыз. Дегенмен де ақын ретінде қазіргі поэзия жайлы бір ауыз пікіріңізді білдірсеңіз.

– Қазіргі поэзия жалаң, жылауық, рух жоқ деген пікірлер бар. Қай заманда да жастарға айтылатын сынның жүгі жеңіл болмаған. Біздің буынның бір ерекшелігі – «мынаны жазу керек, мынаны жазуға болмайды» деген шеңбердің аясында өмір сүріп жатқан жоқпыз. Бізде бәрі еркін, бәрі тәуелсіз. Мүмкін қазір шынында махаббаттан, жеке бастың күйінішінен басқа тақырыптарға бара алмай жүрген шығармыз. Бірақ, мұны да түсінуге болады, 20 мен 30 жастың арасында махаббатты жырламағанда, елуге келгенде етегіміз жасқа толып, сезімге алабұртып отырмайтын шығармыз. Әр нәрсе өз кезінде әдемі, өз кезегінде шынайы. Мен сенемін, бүгінгі қазақ поэзиясының көшінде жүрген замандастарымның әлі-ақ бір-бір мықты ақын болып қалыптасатынына, қара өлеңнің қасиетін кемітпейтініне. Алмас Темірбай, Қалқаман Сарин, Ұларбек Дәлейұлы, Ақберен Елгезек, Ерлан Жүніс, Танагөз Толқынқызы, Асылзат Арыстанбек, Құралай Омар, Рахат Әбдірахманов, Бауыржан Қарағызұлы, Тоқтаралы Таңжарық, Салтанат Смағұлова, Әскерхан Ақтай, Динара Мәлікова, Айжан Табарак, Сәруар Қасым, Назгүл Бердіқожа, Азамат Тасқара, Индира Кереева, Толқын Қабылшаева, Гүлжайнар Қалдина, Саян Есжан, бұл тізім тым ұзақ, аттары тап қазір есіме түспегені үшін кей достарым ренжімесін, ешбірін де бөле-жармастан бағалаймын. Мектеп оқушысы болса да, жауһардай жырларымен көзге түсіп жүрген сіңлілерім Ләззат Мақаш пен Қарлыға Темірғалидың да күні ертең поэзия қарлығаштары боп жетілеріне сенемін. Жалпы айтқанда, жастар жырлап жатыр. Процесс жүруде, бастысы сол.

– Әдебиеттегі плагиаттық туралы айтарыңыз бар ма?

– Плагиаттық десек мүмкін тым асырып айтып жібергеніміз болар. Бірақ әдебиетте сәйкестіктер, мүмкін, кездейсоқ, кездесіп жататыны шындық. Зейнолла Қабдолов айтқандай, «Әдебиет – ардың ісі». Бір тіркестерді кітаптан, газет-журналдан көріп қалып, ұнатып қалып, соны өздерінің өлеңдеріне жапсыра салатын кейбір құрбыларымды да байқап қаламын. Мүмкін бұл «осы сөзді мен айтсам ғой» деген ішкі қызығушылықтан, қызғаныштан туындайтын жайт шығар, бірақ әдебиеттің ауылы адалдарды ғана ұнатады, біреудің олжасына көз алартқандарды уақыттың өзі саралайды.

– Егер Тәңір таңдайыңызға өлең салмағанда қандай мамандық иесі болар едіңіз?

– Неге екенін білмеймін, бірақ суретшілерге қатты қызығамын. Суретші болғым келеді. Мынау әсем дүниені, асау Жайығымды әп-әдемі сурет қып қағазға түсірсем ғой деп армандаймын. Бірақ, қолымнан қарапайым гүлдің де бейнесін түсіру келмейді. Поэзия сөйлейтін сурет дейді ғой. Сөзбен сурет салсам да осы арманымның бір ұшқыны орындалғаны шығар. Негізгі мамандығым – мұғалім. Екі жыл университетте дәріс бергеннен кейін бұл мамандыққа жаратылмаған адам екенімді білдім. Жолдасым Руслан да оқытушы, қазіргідей білім беру мекемелерінде ер азаматтардың саны аз болғандықтан, оны қолымнан келгенше қолдап, қажет жерлерінде көмектесіп отырамын. Ал Тәңір таңдайыма өлең салмағанда, жақсы заңгер болған болар ма едім...

   

Сұхбаттасқан Еңлік Болатқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір